15 мың доллар. Мундиальде жанкүйерлер үшін тәртіп қатаңдатылды

Сарапшы, спорт журналисі
26.03.2026, 18:12

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында АҚШ билігі бірқатар елдің жанкүйерлеріне елге кіру талаптарын күшейтті. 

sport5.by

Кепіл жарна сұралады

Шетелдік басылымдардың мәліметінше, мәселе АҚШ-та іске қосылған Visa Bond пилоттық бағдарламасына байланысты туындап отыр. Аталған ереже бойынша АҚШ-қа туристік немесе іскерлік визамен келетін 50 елдің азаматтары 10 мыңнан 15 мың долларға дейін қаржылық кепіл енгізуі тиіс.

Бұл қаражат визаның мерзімі аяқталып, азамат АҚШ аумағынан уақытында шыққан жағдайда кері қайтарылады.

Кімдерге талап күшейді?

Қазір бұл тізімге әлем чемпионатына жолдама алған немесе қатысуы нақтыланған бірнеше африкалық ел енген. Олардың қатарында Алжир, Кабо-Верде, Сенегал және Кот-д’Ивуар бар. Ал 2 сәуірден бастап бұл тізімге Тунис азаматтары да қосылады.

Осылайша аталған бес елдің жанкүйерлері 2026 жылғы мундиаль кезінде АҚШ-қа бару үшін қосымша қаржылық талаптарға тап болмақ.

Ерекшелік ешкімге жасалмауы мүмкін

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, жаңа тәртіп бойынша жекелеген санаттағы тұлғаларға жеңілдік қарастырылмаған. Яғни бұл шектеу тек жанкүйерлерге емес, қажет болған жағдайда әлем чемпионатына қатысы бар өзге азаматтарға да әсер етуі ықтимал.

Бұл жағдай аталған елдердің футбол федерацияларын алаңдатып отыр. Олар бұл мәселені әлем чемпионатына дайындық аясындағы арнайы семинарларда бұған дейін де көтерген.

FIFA келіссөз жүргізіп жатыр

Қазір FIFA АҚШ билігімен келіссөз жүргізіп, әлем чемпионатына қатысатын тараптарға ерекше жағдай қарастыруды сұрап жатыр. Халықаралық футбол ұйымы футболшыларға, бапкерлер штабына, ұлттық құрамалардың қызметкерлеріне, футбол федерацияларының басшыларына және демеушілердің негізгі өкілдеріне жеңілдік беруді көздейді. 

Әзірге бұл мәселе бойынша нақты шешім жарияланған жоқ.

Реклама
Реклама