Ақтөбеде жаңа футбол клубы таныстырылды
Енді "Хромтау" клубы Қазақстан чемпионатының Екінші лигасында өнер көрсетеді.
“Хромтау” жаңа маусымда алаңға шығады
Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, “Хромтау” ФК алдағы маусымда ресми жарыстарға қатысады. Команда өңір басшысы Асхат Шахаровтың тапсырмасымен құрылған.
Осыған байланысты Екінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде бақ сынайтын “Хромтау” клубы ойыншыларының таныстырылым рәсімі өтті. Шара барысында аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов команда мүшелерімен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу соңында аудан әкімі әрбір футболшыға клубтың арнайы спорттық формасын табыстап, командаға сәттілік тіледі.
Айта кету керек, бұл жоба жаңа клуб емес. Себебі Хромтауда бұған дейін “Горняк” атауымен танылған команда болған.
“Горняктың” тарихы: Хромтау футболының өткен жолы
Хромтау қаласының футбол клубы 1990 жылдан 2008 жылға дейін өмір сүрді. Команда өз жолын 1990 жылы КСРО-ның екінші төменгі лигасында бастаған.
Ал 1992 жылы “Горняк” тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ұлттық чемпионатқа қатысты. Бір жылдан кейін, яғни 1993 жылы, Хромтау клубы Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Сол маусымда олар тек павлодарлық “Аңңсатқа” және семейлік “Елімайға” есе жіберген еді.
Қаржылық қиындықтар клубқа кедергі болды
Алайда клуб тарихында қиын кезеңдер де аз болған жоқ. 1996 жылы команда небәрі төрт тур өткізгеннен кейін қаржылық мәселелерге байланысты чемпионаттан шығып қалды.
Кейін 2003 жылы клуб қайта жанданып, Бірінші лигада өнер көрсетті. Сол маусымда бірден екінші орын алып, Премьер-лигаға оралуға шақ қалды. Бірақ шешуші өтпелі матчтарда сәтсіздікке ұшырады.
Ал 2006 жылы команда Бірінші лиганың қола жүлдесін иеленді. 2008 жылғы маусымда бірінші айналымды өткізген соң клуб жарыстан тағы да бас тартып, ақыры толықтай таратылды.