"Оқжетпес" екі пенальтидің арқасында үздік үштікке енді

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 16:52

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының бесінші турында "Оқжетпес" Павлодардың "Ертісін" қабылдады.

instagram/@fcokzhetpes

Жеңілістің ащы дәмін татпаған командалар кездесті 

Кездесудің алғашқы бөлігінде павлодарлық клуб шабуылда белсендірек көрінді. “Ертіс” бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, ойын тізгінін өз қолында ұстауға тырысты. Ал алаң иелері негізінен қорғанысқа мән беріп, қарымта шабуылға сенім артты. Соған қарамастан бірінші таймда жанкүйерлер гол көрген жоқ.

Екінші тайм басталған соң көкшетаулықтар ойынға тың серпін қосты. Әсіресе команда капитаны Оралхан Өміртаев шабуыл шебінде ерекше белсенді болды. Ол 60-минутта есеп ашқандай көрінген. Дегенмен төрешілер голды офсайдқа байланысты есепке алмады.

Қайткемен көкшетаулықтар дегеніне жетті. 76-минутта алаң қожайындары пенальти тебуге мүмкіндік алды. Дмитрий Бородин нүктеден мүлт кетпеді. 

“Ертіс” тез жауап қатты

Алайда бұл басымдық ұзаққа созылған жоқ. Төрт минуттан кейін павлодарлықтар қарымта шабуыл ұйымдастырып, Мирас Тұрлыбек таразы басын теңестірді.

Ал 87-минутта “Ертіс” қақпасына екінші пенальти белгіленді. Бұл жолы Нұрғайни Төребаев командасын алға шығарды.

Қалған минуттарда есеп өзгерген жоқ. Қорытынды нәтиже — 2:1.

Осы жеңістен кейін көкшетаулық клуб ҚПЛ-дың онлайн турнирлік кестесінде 11 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Ал “Ертіс” 6 ұпаймен жетінші сатыда қалып отыр.

Реклама
Реклама