"Ордабасы" қызметкері емеспін - Ермұхамед Мәулен

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 19:10

Қазақстандық футбол сарапшысы жұмысынан кету себептері мен қиын кезеңдері туралы ашық айтты. 

QFL.KZ

Қазақстандық спорт журналисі әрі “Ордабасы" президенті кеңесшісі Ермұхамед Мәулен шымкенттік клубтан кеткенін ресми түрде мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің YouTube арнасында жариялаған видеосында айтты.

Мәуленнің сөзінше, ол 20 сәуірден бастап клуб қызметкері емес.

"20 сәуірден бастап “Ордабасы” футбол клубының қызметкері емеспін. Өтініш жазылды, басшылық та, клуб президенті де қол қойды. Бұл – ресми шешім", – деді ол.

Сарапшы клубқа ризашылығын жасырмады. Оның айтуынша, қиын кезеңде қолдау көрсеткен жалғыз ұйым – осы "Ордабасы" болған.

"Төрт ай жұмыссыз үйде отырған кезде мені жұмысқа шақырған жалғыз клуб – "Ордабасы" болды", – деп атап өтті Ермұхамед Мәулен.

Сондай-ақ, ол командаға тек жақсылық тілеп, алдағы маусымда жоғары нәтижелерге жетуіне сенім білдірді.

Қысым мен қиындықтар

Ермұхамед Мәулен соңғы уақытта түрлі қысымға тап болғанын да жасырмады. Оның айтуынша, Қазақстан футболындағы мәселелерді ашық айтқаны үшін бірқатар қиындыққа кезіккен.

  • Бірнеше ай жұмыссыз қалған
  • Құқық қорғау органдарына шақыртылған
  • Келісімшарттарынан айырылған
  • Кейбір жобалардан шеттетілген

"Өткен жылы үш ай бойы Қазақстан футболындағы ақиқатты айттым. Соның салдарынан түрлі тергеулерге түстім", – деді ол.

"Қара тізім" мәселесі

Мәулен қазіргі таңда кейбір платформаларда да шектеуге ұшырағанын жеткізді.

"Қазір мені кейбір жобаларға шақыруға болмайды, қара тізімдемін", – деді сарапшы.

Реклама
Реклама