"ПСЖ" жұлдызды ойыншысын 170 миллион еуроға сатпақ
"Пари Сен-Жермен" клубының вингері Брэдли Барколя жаңа келісімшартқа қол қоюдан бас тартты. Француз футболшысы командадағы жағдайына көңілі толмай, клуб ауыстыруды көздеп отыр.
Франциялық "ПСЖ" алдағы трансферлік нарықта маңызды қадамға барғалы жатыр. 23 жастағы Брэдли Барколяны сатпақ. Marca басылымы L'Equipe дерегіне сәйкес, вингер париждік клубпен жаңа келісімшарт жасасудан бас тартқан.
Айта кетейік, Брэдли Барколяның "ПСЖ"-мен келісімшарты 2028 жылға дейін жарамды. Соған қарамастан, клуб футболшыға жаңа шарт ұсынған. Ойыншының жалақысын едәуір арттыруға дайын болған. Алайда Барколя бұл ұсынысты қабылдамаған. Дереккөз мәліметінше, оның шешімі қаржылық емес, спорттық себептерге байланысты.
Негізгі құрамдағы орнын жоғалтты
Барколяның басты наразылығы — негізгі құрамдағы орнынан айырылуы. 2025 жылы "ПСЖ" Хвича Кварацхелияны 70 миллион еуроға сатып алғаннан кейін, француз вингерінің командадағы рөлі өзгерді.
Кварацхелия біртіндеп негізгі құрамнан орын алып, Чемпиондар лигасының екі жеңісті финалында да алаңға шықты. Ал Барколя үшін бұл жағдай клубтағы болашағына қатысты сұрақтарды күшейтті.
"Ливерпуль" басты үміткер аталды
Брэдли Барколяға қызығушылық танытып отырған негізгі клуб ретінде "Ливерпуль" аталып отыр. Ағылшын клубы бұл трансферді өздерінің басты мақсаттарының бірі ретінде қарастырады.
Сонымен қатар футболшының жағдайын "Арсенал", "Челси" және мюнхендік "Бавария" да бақылап отыр.
"ПСЖ" 170 миллион еуро сұрайды
Барколяның келісімшартты ұзартудан бас тартуы оның бірден кететінін білдірмейді. Алайда "ПСЖ" ойыншыға қатысты қаржылық талабын белгілеп қойған.
RMC Sport мәліметінше, париждік клуб Барколяны тек 170 миллион еуроға сатуға дайын. Айта кетейік, "ПСЖ" оны кезінде "Лионнан" 45 миллион еуроға сатып алған болатын.
Брэдли Барколя өткен маусымда "ПСЖ" сапында барлық турнирде 49 матч өткізді.
Ол 13 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіш оның негізгі құрамдағы орны тұрақсыз болғанына қарамастан, шабуыл шебінде әлі де маңызды ойыншы екенін көрсетеді.