Федерация ҚПЛ-дан бір клубты шығарып тастайды
Қазақстан футбол федерациясы ҚПЛ клубтарының бірін ел чемпионатының жоғары дивизионынан шығару мәселесін қарастыруы ықтимал.
ҚФФ конференциясы 21 қыркүйекте өтеді
Журналист Ермұхамед Мәуленнің жариялаған ақпаратына сәйкес Қазақстан футбол федерациясының кезекті конференциясы 21 қыркүйекке жоспарланған. Жиында отандық футболға қатысты бірқатар маңызды мәселе талқыланбақ. Соның ішінде ҚПЛ құрамынан бір команданы шығару тақырыбы да күн тәртібіне енуі мүмкін.
"Ең бастысы – бір команда чемпионаттан шығарылады. Қысқасы, бір клубты Премьер-лигадан алып тастағысы келетін сияқты", – деп жазды Ермұхамед Мәулен.
Әзірге жоғары дивизионнан шығарылуы мүмкін клубтың атауы айтылған жоқ. Қазақстан футбол федерациясы да бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
ҚПЛ командаларының саны 16-ға дейін көбейтілген
2026 жылғы маусымнан бастап Қазақстан Премьер-лигасына қатысатын клубтар санын 16 командаға жеткізу туралы ресми шешім былтыр12 қыркүйекте қабылданған. Бұл ұсынысты ҚФФ Атқарушы комитеті мақұлдады.
Ал алдағы конференцияның негізгі күн тәртібіндегі мәселе Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің жаңа мүшелерін сайлау болмақ.