Бір ұпайға 100 млн теңге: ҚПЛ-де мемлекеттің миллиардтары қалай жұмсалды?
Былтыр Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін клубтарға мемлекет тарапынан 23,44 млрд теңге бөлінді. Бұл ашық дереккөздерде жарияланған мәлімет. Оны клубтар қаншалықты тиімді жұмсады?
"Ақтөбе" 4,2 млрд теңге алып, 43 ұпай жинады. "Тобыл" — 1,3 млрд теңге және 54 ұпай. "Ордабасы" 3,5 млрд теңге қаржыландырумен маусымды 35 ұпаймен аяқтады. Осы жерде мемлекеттік қаржыландыру көлемі мен нәтиже арасында қандай байланыс бар деген сұрақ туады. Себебі футболда көбіне ұпай, гол, нәтижелі пас пен трофей саналады. Ал клубтың осы нәтижеге жету үшін қанша қаржы жұмсағаны сирек есептеледі. Сондықтан мемлекет есебінен қаржыландырылатын кәсіпқой футболға қатысты мұндай сұрақтың қойылуы заңды.
ҚПЛ-дегі бір ұпай үшін мемлекет қанша теңгеге шығындалады? Бір голға ше? Біз мұны 2025 жылғы маусым мысалында есептеп көрдік. Оның қорытындысы әдеттегі турнир кестесінен әлдеқайда қызық болып шықты.
2025 жылдың көктемінде ашық дереккөздерде ҚПЛ клубтарына бөлінген мемлекеттік қаржы көлемі туралы ақпарат жарияланды.
Жарияланған мәлімет бойынша, 12 клубқа жалпы 23,44 млрд теңге бөлінген.
- Ең көп қаржы "Ақтөбеге" берілді. 4,2 млрд теңге.
- Одан кейін "Ордабасы" — 3,5 млрд теңге.
- "Елімайға" — 2,7 млрд теңге бөлінді.
Тізімнің төменгі жағында 990 млн теңге алған "Жеңіс" пен 750 млн теңге бөлінген "Қайрат" тұрды. Бұл ретте алматылық клубқа берілген қаражат тек жастар мен жасөспірімдер командаларына бағытталғанын ескеру қажет.

Қорытынды ұпай саны ҚПЛ-2025 турнир кестесінен алынды:
- "Қайрат" 59 ұпаймен чемпион атанды,
- "Астана" 57,
- "Тобыл" 54,
- "Елімай" 48,
- "Ақтөбе" 43 ұпай жинады.
Алайда бірден методологиялық шектеуді белгілеп алған жөн.
МАҢЫЗДЫ ЕСКЕРТУ!
Бұл — клубтардың толық бюджеті емес. Бұл — ашық дереккөздерде жарияланған мемлекеттік қаржыландыру көлемі. Клубтардың демеушілік, коммерциялық және басқа да табыс көздері болуы мүмкін. Оның үстіне мемлекеттік қаражаттың мақсаты да әр клубта әртүрлі.
Мысалы, "Ақтөбеге" бөлінген 4,2 млрд теңгенің ішінде негізгі және қосалқы құрам, әйелдер және балалар командаларының шығыстары бар, сондай-ақ 1,071 млрд теңге еурокубоктарға қарастырылған. Ал "Қайратқа" берілген 750 млн теңге, керісінше, жастар мен жасөспірімдер футболына арналған. Сондықтан соңғы бағанды "бір ұпайдың құны" деп атау методологиялық тұрғыдан қате. Дұрысы - бір ұпайға шаққандағы мемлекеттік қаржыландыру көлемі.
Басты парадокс: көп ақша ең жоғары нәтижені берген жоқ
"Ақтөбеге" назар аударайық. 4,2 млрд теңге. Бұл — клубтар арасында жарияланған ең үлкен сома. Турнир кестесіндегі нәтиже — 43 ұпай және бесінші орын.
Енді "Тобыл". 1,3 млрд теңге. Яғни мемлекеттік қаржыландыру көлемі шамамен 3,2 есе аз. Нәтиже қандай? 54 ұпай және қола жүлде. "Тобыл" салыстырмалы түрде мемлекеттен аз қаржы алғанымен, 11 ұпай көп жинады.
"Ордабасымен" салыстырғанда айырмашылық одан да айқын. Шымкенттік клуб 3,5 млрд теңге алды. Маусымды 35 ұпаймен аяқтады. Демек, бір ұпайға 100 млн теңге жұмсаған.
Мәселен, "Тобылда" 24,1 млн теңге. Көрсеткіш төрт есе аз. Бірақ "Тобыл" шымкенттік ұжымнан 19 ұпай артық жинады.
Ең қызығы: корреляция жоқ
Осы 12 клуб бойынша жарияланған мемлекеттік қаржыландыру көлемі мен жиналған ұпай санын Пирсон корреляциясы бойынша есептеп көрдік.

Нәтиже: r = 0,07. Бұл нені білдіреді?
Нөлге жақын мән мемлекеттік қаржыландыру көлемі мен жиналған ұпай саны арасында іс жүзінде байланыс жоқ екенін көрсетеді. Бірден айта кету керек, футболда ақшаның маңызы жоқ дегенді білдірмейді.
- Біріншіден, тізім шағын — небәрі 12 клуб.
- Екіншіден, командалардың толық шығындары көрсетілмеген.
- Үшіншіден, бөлінген қаржының мақсаты әртүрлі.
- Төртіншіден, аса маңызды көрсеткіш — негізгі команданың жалақы қоры бізге белгісіз.
Ал кәсіби футболда дәл осы жалақы қоры спорттық нәтиженің ең күшті қаржылық предикторларының бірі болып саналады.
Сондықтан r≈0,07 дегеніміз "ақша футболға әсер етпейді" деген сөз емес. Ол басқа нәрсені көрсетеді: мемлекеттік қаржының көбірек бөлінуі автоматты түрде көп ұпай әкеледі дегенді білдірмейді.
"Қайрат" ең тиімді клуб па?
Біздің кестеге сырттай қарағанда абсолютті көшбасшы "Қайрат" секілді көрінеді.
750 млн / 59 ұпай = бір ұпайға 12,7 млн теңге.
"Ордабасыда" 100 млн теңге. Айырмашылық шамамен сегіз есе.
Бірақ осы көрсеткішке қарап, "Қайрат" "Ордабасыдан" сегіз есе тиімді деп айтуға болмайды. Неге? Өйткені "Қайрат" алған 750 млн теңге негізгі команданың толық қаржы ресурсы емес. Ашық дереккөздерде мемлекеттік ақшаның жастар мен жасөспірімдер құрылымына арналғанын тікелей көрсетеді. Сондықтан "Қайратты" бөлек қарастырған абзал.
Ал мемлекеттік қаржыландыру моделі бір-біріне ұқсас "Ақтөбе", "Ордабасы", "Елімай", "Тобыл", "Қызылжар", "Қайсар" секілді клубтарды салыстыру әлдеқайда дұрысырақ.
"Тобыл" — тиімділігімен көзге түскен команда
Осы тұрғыдан қостанайлық клуб ең қызық ұжым болып көрінеді.
1,3 млрд көлеміндегі мемлекеттік қаржымен төмендегідей көрсеткішке қол жеткізді:
- 54 ұпай;
- 3-орын;
- 45 гол;
- 25 жіберілген доп;
- доп айырмасы +20.
- Бір ұпайға — 24,1 млн теңге.
- Бір голға — 1,3 млрд / 45 = 28,9 млн теңге.
Енді "Ақтөбе":
- 4,2 млрд / 39 гол = бір голға 107,7 млн теңге.
"Ордабасы":
- 3,5 млрд / 37 = 94,6 млн теңге.
Қарапайым метрика бойынша "Ақтөбенің" әр голына сәйкес келетін мемлекеттік қаржы көлемі "Тобылдан" шамамен 3,7 есе көп.
Бұл - бір голдың нақты өзіндік құны болмауы мүмкін, бірақ салыстырмалы efficiency ratio (тиімділік коэффициенті) ретінде қызықты көрсеткіш.
"Ордабасыда" не болды?
Бұл кейс шығындардың динамикасына байланысты ерекше маңызды. Жарияланған деректер бойынша, соңғы бірнеше жылда клуб 24,6 млрд теңге алған. Яғни жылына орта есеппен 6,15 млрд теңге. Кей жылдары қаржыландыру көлемі 9,2 млрд теңгеге дейін жеткен.
2025 жылы — 3,5 млрд теңге.
Ал нәтиже — 35 ұпай.
Осы жерде жанкүйерлер "Неге 3,5 млрд алған клуб чемпион болмады?" деген сұрақ қоюы мүмкін. Бірақ бұл жердегі маңызды мәселе - "көпжылдық мемлекеттік қаржыландырудан кейін клубта қандай актив қалды?" деген сауал. Себебі ол бір маусымдық турнир кестесінен әлдеқайда маңызды.
Егер клуб жыл сайын миллиардтаған теңге алатын болса, оның жинақталған capital stock-ін (жинақталған капитал) өлшеу қажет:
- академиядан негізгі құрамға қанша ойыншы шықты;
- олардың трансферлік құны қандай;
- қандай инфрақұрылым пайда болды;
- коммерциялық кіріс қаншаға өсті;
- аудитория қаншалықты артты;
- клуб Еуропада қанша табыс тапты;
- бюджеттің қандай бөлігін енді өз күшімен қаржыландыра алады.
Дәл осы жерде ақшаны жұмсау мен ақшаны инвестициялау арасындағы шекара өтеді.
Голдар айырмашылықты түсіндірмейді
Екінші көрсеткішке көз жүгіртсек — бір соғылған голға шаққандағы мемлекеттік қаржыландыру.

Гол мен ұпай шамамен бірдей картинаны көрсетеді. Бірақ осы жерде "Тұранның" жағдайы қызық.
Бір ұпайға 75 млн теңге мемлекеттік қаржы кеткен. Нашар көрсеткіш. Ал бір голға 48 млн теңге жұмсалған. Әлдеқайда жақсы нәтиже.
Неге? Өйткені клуб 25 гол соққанымен, 58 гол жіберген — бұл лигадағы ең нашар көрсеткіш. Сөйтіп 16 ұпаймен соңғы орын алды.
Команда шабуылда салыстырмалы түрде тиімді болғанымен, футбол жүйесі өте тиімсіз болғаны көрсетуі мүмкін. Демек, экономикалық рейтинг бір ғана көрсеткішпен шектелмеуі керек.
Футбол тек турнир ретінде керек пе?
Енді басқа сұрақ туындайды. Мемлекет кәсіпқой футболды тек турнир кестесіндегі орын үшін қаржыландыра ма? Әрине, жоқ.
Футбол — ойын-сауық индустриясы. Демек, аудитория да output болып саналады. Меніңше, Қазақстан кәсіпқой футболын бағалау жүйесіндегі негізгі проблема дәл осы жерде жатыр.
Біз кім чемпион болғанын, кім көп гол соққанын, бюджеттен қай клуб қанша алғанын білеміз. Бірақ клубқа кәсіпорын ретінде қарайтын болсақ, нақты не өндіргенін көре алмаймыз. Капитал маңызды. Оны төртке бөліп қарастыру қажет:
- Спорттық капитал: ұпай, орын, Кубок, еурокубоктар, UEFA коэффициенті.
- Адами капитал: U21 ойыншыларының минуттары, негізгі құрамға шыққан түлектер, ұлттық құрама ойыншылары, түлектерді сатудан түскен табыс.
- Коммерциялық капитал: билет, көрермен саны, демеушілік, бренд символикасы бар тауарлардың сатылымы мен трансферлік табыс.
- Физикалық капитал: жаттығу базасы, академия, стадион инфрақұрылымы.
Тек осыдан кейін ғана тиімділікті есептеуге болады.