Жарнама
Жарнама

"Үздік үштікке кіреді": Алматыдағы жаңа стадион Өзбекстанда талқыға түсті

Өзбекстандық архитектор Алматыда салынып жатқан 45 мың орындық жаңа стадионды бағасын берді. 

"Үздік үштікке кіреді": Алматыдағы жаңа стадион Өзбекстанда талқыға түсті
Kursiv.kz

Алматыда салынып жатқан жаңа футбол стадионы көрші Өзбекстанда қызу талқыға түсті. Өзбекстандық архитектор әрі блогер Шахзод Хикматуллаев Қазақстандағы ауқымды жобаға бағасын беріп, арена аяқталғаннан кейін Орталық Азиядағы ең ірі стадиондардың қатарына кіретінін айтты.

"Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл стадион Орталық Азиядағы ең сыйымды үш аренаның қатарына кіреді. 55 мың орындық "Янги Ташкент Арена" бірінші, 51 мың орындық "Бішкек Арена" екінші болса, Алматыдағы 45 мың орындық стадион үшінші орынға орналасады", – деп жазды блогер. 

Алматы әкімдігінің соңғы мәліметі бойынша, бастапқыда 35 мың орынға жоспарланған жобаның сыйымдылығы кейін 45 мың көрерменге дейін ұлғайтылған. Құрылыс Құлжа және Талғар тас жолдары маңындағы шамамен 32 гектар аумақта жүріп жатыр.

Жаңа арена УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сай салынады. Бұл деңгей халықаралық матчтарды және ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Жоба тек футбол стадионымен шектелмейді. Кешен аумағында жаттығу алаңдары, спортшылар мен командаларға арналған арнайы бөлмелер, жанкүйерлер аймақтары және қауіпсіздік инфрақұрылымы қарастырылған.

Сонымен қатар мыңнан астам автокөлікке арналған тұрақ пен көлік-логистикалық инфрақұрылым салу жоспарланған. Жаңа стадион футбол матчтарымен қатар концерттер мен өзге де ауқымды іс-шараларды қабылдай алады.

Құрылыс 2028 жылы аяқталуы тиіс

Алматы әкімдігінің мәліметінше, стадион құрылысын 2028 жылдың наурызында аяқтау жоспарланып отыр. 

Жарнама
Жарнама