Қазақстан құрамасының жұлдызы клуб ауыстырды
Ислам Чесноков мансабын Ресейде жалғастырады.
Чесноков ерекше форматта таныстырылды
26 жастағы қазақстандық футболшы Самараның "Крылья Советов" ойыншысы атанды. Клуб жаңа ойыншысын көпшілікке стандарттан тыс тәсілмен таныстырды. Чесноковтың бейнесі "Виктория" галереясындағы картинаға орналастырылып, клуб әлеуметтік желіде арнайы жарияланым жасады.
"Картинаның орны — „Виктория“ галереясында, ал суретшінің орны — алаңда. Самараға қош келдің!" — делінген "Крылья Советов" хабарламасында.
Чесноков "Тобылда" 30 гол соқты
Ислам Чесноков бұған дейін Қостанайдың "Тобылында" ойнады. Вингер барлық турнирді қосқанда 103 матч өткізді. Осы кездесулерде 30 гол соғып, 17 нәтижелі пас берді.
Чесноков "Тобылдың" шабуыл шебіндегі негізгі ойыншыларының біріне айналып, Қазақстан Премьер-лигасында өзін жақсы қырынан таныта білді.
Шотландияда өнер көрсетті
Қазақстандық футболшының шетелдік тәжірибесі де бар. Ол бұған дейін Шотландияның "Хартс" клубының намысын қорғады.
Эдинбургтік команда құрамында 11 матч өткізіп, бір гол соқты. Сондай-ақ клубпен бірге Шотландия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Ислам Чесноков Қазақстан құрамасында да тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді. Вингер ұлттық команда сапында 24 матч өткізіп, 2 гол соққан.
"Крылья Советов" әзірге қазақстандық футболшымен жасалған келісімнің қаржылық және мерзімдік шарттарын ресми түрде ашқан жоқ.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.