Жарнама
Жарнама

"Астана" бойкот туралы ақпараттан кейін ресми мәлімдеме жасады

"Астана" ФК негізгі құрамның бірқатар ойыншысына келісімшарт бойынша берешегі бар екенін растады.

"Астана" бойкот туралы ақпараттан кейін ресми мәлімдеме жасады
Instagram/@fca.astana

Клуб бәрін мойындады

Бұған дейін футболшылар бірнеше айлық жалақы қарызы өтелмесе, жаттығулар мен ресми кездесулерге бойкот жариялауы мүмкін екені хабарланған еді.

Осы ақпараттан кейін "Астана" клубы жанкүйерлерге, серіктестерге және футбол қауымдастығына арнап ресми түсініктеме жариялады.

"Астана" футбол клубы негізгі құрамдағы бірқатар ойыншы алдында жекелеген келісімшарттық міндеттемелер бойынша берешек бар екенін растайды. Осыған байланысты клубқа футболшылардың ұжымдық өтініші келіп түсті", – делінген мәлімдемеде.

Ойыншылар міндеттерін орындауды жалғастырған

Клуб басшылығы футболшылардың ұстанымына түсіністікпен қарайтынын атап өтті. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, ойыншылар мен жаттықтырушылар штабы кәсіби міндеттерін толық орындап, жаттығулар мен ресми матчтарға қатысып келген.

"Футболшылар мен бапкерлер алаңда "Астана" клубы мен Қазақстан астанасының намысын лайықты қорғап жүр. Әр ойыншы мен қызметкердің отбасы алдындағы жауапкершілігі бар екенін түсінеміз. Келісімшарттық міндеттемелерді уақытында орындау – кәсіби клубтың негізгі міндеттерінің бірі", – деп мәлімдеді елордалық команда.

"Астана" чемпионаттан шықпайды

Клуб өкілдері қандай жағдай болса да, команданың ҚПЛ-дегі жарысын жалғастыратынын нақтылады. "Астананың" чемпионатқа қатысудан бас тарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

"Клуб Қазақстан чемпионатындағы өнерін жалғастырып, маусымды соңына дейін жеткізеді. Қазіргі уақытта жұмыс қалыпты режимде жүріп жатыр. 2026 жылғы маусымды толық аяқтаймыз", – делінген хабарламада.

Қажет болған жағдайда негізгі құрамға резервтік немесе жастар командасының футболшылары, сондай-ақ клуб атынан ойнауға құқығы бар басқа ойыншылар тартылуы мүмкін. "Астана" күнтізбедегі барлық матчқа қатысуға кепілдік берді.

Қарызды өтеу жұмыстары жүріп жатыр

Клуб басшылығы құрылтайшымен бірлесіп, қаржылық жағдайды тұрақтандыру және қордаланған берешекті өтеу бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

"Астана" үшін ойыншылар мен қызметкерлер алдындағы қарыз мәселесін шешу негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

Жарнама
Жарнама