Британдық БАҚ Дастан Сәтпаевтың жарақатына қатысты жаңа мәлімет жариялады

Жарнама
Жарнама

Сатпаев Англия Чемпионшипінде "Бернли" сапында "Мидлсброға" қарсы матчта санның артқы бұлшықетін жарақаттап алған еді.

Британдық БАҚ Дастан Сәтпаевтың жарақатына қатысты жаңа мәлімет жариялады
sports24.kz

Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сатпаев жарақатынан кейін Лондонның "Челси" клубында оңалтудан өтеді. Бұл туралы британдық Standard басылымы хабарлады.

Сатпаев Англия Чемпионшипінде "Бернли" сапында "Мидлсброға" қарсы матчта санның артқы бұлшықетін жарақаттап алған еді. Сол кездесуде ол 81 минут ойнап, кейін алаңнан ауыстырылды. "Бернли" бас бапкері Ники Хайен футболшының бірнеше аптаға қатардан шығатынын айтқан.

Оңалту процесін "Челси" басқарады

Standard мәліметінше, Сатпаевтың негізгі клубы "Челси" оның қалпына келу процесін өз бақылауына алған.

Қазақстандық футболшы Лондон клубының Кобхэмдегі жаттығу базасында медициналық тексеруден өтті. "Челсидің" медициналық штабы жас шабуылшыны мүмкіндігінше тезірек қалыпқа келтіріп, қайтадан "Бернли" сапына қайтаруды көздеп отыр.

"Бернли" де бұл шешімге келісім берген. Осылайша, Сатпаевтың жалға алу келісімі тоқтатылмайды және ол толық айыққаннан кейін Чемпионшип клубына қайта қосылады.

"Челси" Сатпаевқа көбірек ойын тәжірибесін бергісі келеді

Лондондық клуб Сатпаевтың осы маусымда бірінші команда деңгейінде мүмкіндігінше көп ойын тәжірибесін жинауына мүдделі.

Сол себепті "Челси" оның жарақаттан толық әрі сапалы қалпына келуіне ерекше назар аударып отыр. Британдық дереккөз футболшының халықаралық үзілістен кейін алаңға оралуы мүмкін екенін жазады. 

Айта кетейік, Дастан Сатпаев 2026 жылдың жазында "Челсиге" ресми түрде қосылып, артынша "Бернлиге" бір маусымға жалға берілді.

Жарнама
Жарнама