Мбаппе өзін диктаторға теңегендерге жауап берді
Франция құрамасы мен мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Килиан Мбаппе әлеуметтік желіде тараған өзін "диктатор" бейнесінде көрсететін мемдерге қатысты пікір білдірді.
Футболшы әзіл ретінде жасалған кейбір жарияланымдардың көңілін көтеретінін айтқанымен, өзін тарихтағы қатыгез билеушілермен салыстыруды орынсыз санайтынын L’Equipe басылымына берген сұхбатында айтты.
"Мені адамдарды өлтірген немесе миллиондаған адамды бақытсыз еткен тұлғалармен салыстыру... Мен өмірімде ондай нәрсе жасадым деп ойламаймын. Бір жағынан, мұндай әзілдердің аса маңызды нәрсеге айналмайтынын түсінемін. Бірақ кейде бұл адамдардың саяси және адами тұрғыдан түсінігінің жеткіліксіз екенін көрсетеді", — деді Мбаппе.
Футболшы сонымен қатар ұлттық құрамадағы серіктесі Усман Дембеленің оны әзілдеп "Мобут" деп атайтынына ренжімейтінін атап өтті. Бұл 1965-1997 жылдары қазіргі Конго Демократиялық Республикасының аумағында орналасқан Заирді басқарған Мобуту Сесе Секоға қатысты әзіл.
"Усманның жағдайы басқа. Ол бұл сөзді әлеуметтік желілерден алды. Ол жай ғана әзілдейді", — деді Мбаппе.
"Диктатор" мемі қалай пайда болды?
Килиан Мбаппені алғаш рет "диктатор" деп атаған жағдай 2024 жылы Марсельдегі кәуап сататын орынға қатысты даудан кейін пайда болған. Футболшының заңгерлері дәмхана мәзірінде оның есімін қолданылғаны үшін сотқа жүгінуі мүмкін екенін ескерткен. Осыдан кейін мекеме иесі Мбаппені көпшілік алдында "диктатор" деп атаған.
Ал бұл образ 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Турнир барысында жанкүйерлер Мбаппені әскери форма мен ордендер тағып, диктатор бейнесінде көрсететін көптеген сурет пен видео жариялады.
Мемдердің таралуына футболшының алаңдағы және оның сыртындағы бірнеше әрекеті де себеп болған. Мысалы, Иракқа қарсы кездесуде Мбаппе стадион қызметкерлеріне алаңдағы суды қай жерден тазарту керектігін көрсетсе, Норвегиямен матчта төрешіден капитандық белгіні командаласына беруді сұраған.
Үздік сұрмерген
2026 жылғы әлем чемпионатында Килиан Мбаппе Франция құрамасының сапында сегіз матч өткізіп, 10 гол және 4 нәтижелі пас тіркеді. Осы көрсеткішпен ол турнирдің үздік сұрмергені атанды.
Сондай-ақ 27 жастағы шабуылшы 8 қыркүйекте 2025/26 маусымының қорытындысы бойынша табысталатын "Алтын доп" жүлдесіне үміткерлер тізіміне енді.