Самородовтың "Спартакқа" трансфері неге жүзеге аспай қалды
Мәскеулік "Спартактың" бұрынғы бас директоры Юрий Заварзин қазақстандық шабуылшы Максим Самородовтың трансферіне қатысты пікір білдірді.
Медициналық тексерістен өте алмаған
"Ахмат" сапында өнер көрсететін Қазақстан құрамасының футболшысы мәскеулік командаға ауысуға жақын болған. Бірақ медициналық тексеріс кезінде жасалған МРТ нәтижесінен кейін келісім жүзеге аспай қалған.
"Спорт День за Днем" басылымы Заварзиннен Самородовтың "Спартактың" ойынын күшейту мүмкіндігі туралы сұрады.
"Қазір легионерлер санын шектеу үрдісі байқалып отыр. Сондықтан талапқа сай паспорты бар футболшылардың қабілетіне ерекше назар аударылады. Әрине, Самородов команданы күшейте алар еді", — деді "Спартактың" бұрынғы бас директоры.
Самородовтың "Ахматтағы" статистикасы
Максим Самородов осы маусымда грозныйлық клуб сапында сегіз матч өткізіп, бір гол соқты.
Қазақстандық шабуылшының "Ахматтағы" жалпы көрсеткіші:
- 74 матч;
- 14 гол;
- 14 нәтижелі пас.
Осылайша Самородов грозныйлық команда сапында 28 голдық әрекетке тікелей қатысқан.