Хулиан Альварес ісінен кейін FIFA трансферлік ережені өзгертпек

Жарнама
Жарнама

Жаңа нормаға сай, бұдан былай клубтарға шектен тыс өтемақы белгілеу қиындай түседі. 

Хулиан Альварес ісінен кейін FIFA трансферлік ережені өзгертпек
matchtv.ru

FIFA футболшылардың келісімшартын бұзуға байланысты трансферлік ережелерді өзгертпек. Жаңа нормалар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Өзгерістердің негізгі мақсаты – клубтардың ойыншының кетуін іс жүзінде мүмкін емес ететін шамадан тыс жоғары өтемақы сомаларын белгілеуіне шектеу қою.

FIFA ресми мәліметінде жаңа регламент ойыншылар мен клубтардың құқықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және Еуропалық одақ сотының "Диарра ісі" бойынша қалыптасқан қағидаттарына сәйкестендіруге бағытталғаны айтылған. 

Енді өтемақы сомасы пропорционалды болуы тиіс

Жаңа регламент бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын біржақты бұзған жағдайда төленетін өтемақы сомасы нақты жағдайға сай және негізді болуы керек. Яғни клуб ойыншыны ұстап қалу мақсатында экономикалық тұрғыдан ақтауға келмейтін өте жоғары соманы келісімшартқа енгізе алмайды.

Жаңа ережелерде шамадан тыс жоғары деп танылған өтемақы сомасын арбитраждық органдар төмендете алатыны қарастырылған. FIFA жаңа жүйені әділ әрі пропорционалды модельге көшіруді көздеп отыр.

Хулиан Альварес жағдайы талқыға түсті

Испаниялық БАҚ-та бұл өзгерістер мадридтік "Атлетико" шабуылшысы Хулиан Альварестің жағдайымен де байланыстырылып жүр.

Аргентиналық футболшының келісімшартындағы өтемақы сомасы 500 миллион еуроға дейін жететіні хабарланған. Кей есептер бойынша бұл оның жылдық жалпы жалақысынан шамамен 40 есе көп. 

Испаниялық спорт заңгері Мигель Галан мұндай сандардың ойыншының кетуіне өтемақы белгілеуден гөрі, трансферді іс жүзінде бұғаттауға көбірек ұқсайтынын айтқан.

40 жылдық жалақы мәселесі

Кейбір БАҚ жаңа ережені "жылдық жалақыдан 40 есе асатын өтемақы пропорционалды емес деп танылады" деп түсіндіріп жатыр.

Алайда FIFA-ның қазіргі ресми хабарламасында дәл осындай 40 еселік әмбебап шек жеке норма ретінде көрсетілмеген. Ресми құжаттардағы басты принцип – келісімшарттағы өтемақының нақты жағдайға сай, әділ және пропорционалды болуы.

Жарнама
Жарнама