ФИФА трансфер нарығындағы жаңа рекордты жариялады
2026 жылғы жазғы трансферлік кезең футбол клубтарының ойыншылар сатып алуға жұмсаған қаржысы бойынша рекордтық көрсеткішпен аяқталды.
ФИФА дерегіне сәйкес, әлемдегі клубтар жазғы трансферлік кезеңде футболшыларды сатып алуға 9,89 миллиард доллардан астам қаражат жұмсаған. Сонымен қатар осы кезеңде халықаралық деңгейде 12,5 мыңнан астам трансфер тіркелді. Бұл көрсеткіш те бұрын-соңды болмаған рекорд саналады.
Англия клубтары ең көп ақша жұмсады
Трансфер нарығындағы ең жоғары белсенділікті ағылшын клубтары көрсетті. Премьер-лига өкілдері ойыншыларды сатып алуға шамамен 3,02 миллиард доллар жұмсаған. Сонымен қатар Англия клубтары халықаралық трансферлер саны бойынша да көш бастады.
Шығын көлемі бойынша екінші орында Италия клубтары тұр - 1,1 миллиард доллар. Испания командалары 940 миллион, Германия клубтары 904 миллион, ал француздар 641 миллион доллар жұмсаған.
Әлем чемпионаты трансфер нарығына әсер етті
Ойыншыларды сатудан түскен табыс бойынша француз клубтары үздік нәтиже көрсетті. Олар трансферлерден шамамен 1,7 миллиард доллар пайда тапқан.
Англия клубтарының сатылымнан түсірген қаржысы 1,43 миллиард доллар болса, Германия командалары 1,02 миллиард доллар алған. Испания клубтары 773 миллион, Португалия 642 миллион доллар көлемінде табысқа ие болды.
2026 жылғы әлем чемпионаты да жазғы трансферлік нарықтағы белсенділіктің артуына ықпал етті. ФИФА мәліметінше, трансферлік кезеңде әлем чемпионатына қатысқан 47 елдің 267 футболшысы басқа клубтарға ауысқан. Осы ойыншылардың трансферлеріне жұмсалған жалпы қаржы 3,3 миллиард доллардан асты.