Жалғас Жұмағұлов жаттығуға кешіккен ММА файтерлерін ерекше әдіспен жазалады (ВИДЕО)
Жалғас Жұмағұлов әлеуметтік желіде жаттығуға кешіккен жастарға қандай талап қоятынын көрсетті.
Жаттығу залындағы тәртіп
Жалғас Жұмағұлов Instagram парақшасында жаттығу залында түсірілген бейнежазбаны жариялады. Кадрлардан файтердің жаттығуға кешіккендерді белдікпен ұрып, тәртіпке шақырғанын көруге болады.
Видеода осындай "жазаға" соңғы болып UFC файтері Әліби Ыдырыс тап болған. Жұмағұлов жазбасында файтерлерге қысқа ғана ескерту жасады:
"Кешікпеңдер".
Жас файтерлер бұған дейін сынға алған
Жұмағұлов бұған дейін де жас ММА өкілдерінің көзқарасына қатысты пікір білдірген.
Оның айтуынша, кейбір жас файтерлер бірден жоғары деңгейге жетуді қалайды, бірақ мансаптың алғашқы кезеңіндегі ауыр еңбектен өтуге әрдайым дайын емес.
Жұмағұлов жаттығу залында үлкенге құрмет пен тәртіп бірінші орында тұруы тиіс деп есептейді. Ол бұған дейін тәртіп бұзғандарды бауыр немесе кеуде тұсынан соққы жасап жазалайтынын да айтқан. Мұны жаттығу залындағы тәртіп пен үлкенді сыйлау мәдениетін сақтау тәсілі ретінде түсіндіреді.
Балаларына да қатаң талап қояды
Жалғас Жұмағұлов тәртіп мәселесінде тек спортшыларға емес, өз отбасында да қатаң ұстанымда екенін жасырмайды.
Ол балаларына қазіргі заманғы кейбір музыкаларды тыңдауға толық тыйым салғанын айтқан. Мұндай әндерде балағат сөздер, темекі мен алкогольді насихаттайтын мазмұн көп кездеседі деп санайды.