20 жастағы өзбекстандық футболшы жақында "Манчестер Ситимен" 5 жылдық келісімшарт жасасқан болатын.
Өзбекстандық қорғаушы Абдукодир Хусанов ресми түрде Англияның ең мықты ұжымдарының бірі "Манчестер Сити" клубына ауысты.
Футболшыны таныстыру рәсімінен кейін Хусанов клубтың баспасөз қызметіне шағын сұхбат берді.
"Манчестер Сити" сапына ауысқаныма қуаныштымын. Бұл команданың ойынын ұзақ уақыттан бері бақылап келемін. Клубқа әлемнің үздік ойыншылары жиналған. Енді олармен бірге ойнайтын сәтті асыға күтемін. Сосын Пеп Гвардиола туралы айтпаса болмас. Ол футбол тарихындағы ең үздік бапкерлердің бірі. Осындай білікті маманнан үйреніп, өз ойынымды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Маған және отбасыма «Манчестер Сити» сияқты атақты клубтың қатарына қосылу мақтаныш. Сондықтан мұндай мүмкіндікті пайдалануға барынша дайынмын", - деді Абдукодир Хусанов.
20 жастағы футболшы "Ситиде" 45-нөмірмен өнер көрсетеді. Манчестерлік клубқа ол франциялық "Ланстан" 40 миллион еуроға ауысып келді.