Екі жылдан кейін қазақ футболшысы "Челсиге" аттанады.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев баспасөз маслихатында 16 жастағы Дастан Сәтпаевтың қарым-қабілеті туралы ойымен бөлісті. Отандық маманның айтуынша, қазақ футболшысы өзбек әріптесінен әлдеқайда мықтырақ.
"Дастан Сәтпаев Хусановқа қарағанда мықтырақ деп есептеймін. Дастан нағыз атлет қой. Тиісті жағдай жасап, қарым-қабілетін еуростандарттарға қажетті деңгейге жеткізу керек. "Реалдағы" Арда Гүлер, Эндрик секілді Дастан Сәтпаев та халықаралық аренада сондай дәрежеге жете алады", - деді Әли Әлиев.
Бұған дейін 16 жастағы қазақ футболшысының лондондық "Челсиге" ауысатыны туралы ақпар тараған болатын. Танымал инсайдер Фабрицио Романоның өзі аталған трансфердің жүзеге асқанын жазды.
Ресми емес деректерге сенсек, Дастан Сәтпаев "Челси" сапына 18 жасқа толғаннан кейін қосылады.