Ұлттық құрама бас бапкері Әли Әлиев жалақысы туралы пікір білдірді

Редактор Penalty.kz
06.02.2025, 14:28

Дәл қазір Әли Әлиев футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарады.  

фото ашық дереккөздерден алынды

Журналистер оның жаңа қызметте неше жалақы алатынын және экс-бас бапкер Станислав Черчесовтың табысынан қаншалықты ерекшеленетінін сұрады.  

“Қаржы мәселесіне келер болсақ, маған ел намысын қорғау құрметі бұйырды. Сондықтан ешқандай сома туралы әңгіме қозғаған жоқпын. Қандай жалақы белгіленсе, сол бойынша жұмыс істейтін боламын", – деді Әлиев.  

Ол Станислав Черчесовтың жалақысына қатысты пікір білдіруден бас тартып, оның қанша табыс тапқанынан хабарсыз екенін айтты. Сонымен қатар Әлиев бұрынғы бапкердің жұмысына да тоқталды:  

"Мен әрқашан оны әріптес ретінде қолдадым, оның стилін, әдістемесін және командаға енгізген тәртібін құптадым", – деп мәлімдеді Әлиев.  

Оның айтуынша, ұлттық құраманың жұмысына нақты бағаны жанкүйерлер беруі керек.  

Бұған дейін ресейлік маман Станислав Черчесов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кеткен еді.

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) 61 жастағы ресейлік жаттықтырушымен келісімшарттың екіжақты келісім бойынша бұзылғанын хабарлады.  

Сонымен қатар ҚФФ құрамамен бірге жұмыс істеген бүкіл бапкерлер штабы да отставкаға кететінін мәлімдеді.    

Черчесовтың қызметі және нәтижелері:  

  • Ол 2024 жылдың маусым айында ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалды  
  • Ұлттар лигасының екінші дивизионында команда дебют жасады  
  • 1 тең ойын, 5 жеңіліс
  • Бірде-бір гол соққан жоқ
  • Үшінші дивизионға түсіп қалды.