Азия Кубогы-2031: Қазақстан үшін жағымды жаңалық

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 06:17

Қырғызстан футбол одағы (ҚФО) Өзбекстан және Тәжікстан футбол қауымдастықтарымен бірлесіп, 2031 жылғы Азия Кубогын ұйымдастыруға өтінім берді.

kassiesa.net

ҚФО баспасөз қызметінің мәліметінше, өтінім 24 ақпанда Азия футбол конфедерациясына (АФК) жіберілді. Бұған дейін ҚФО Өзбекстан және Тәжікстан өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, турнирді бірге өткізудің барлық мүмкіндігін талқылады. Қазір алдын ала өтінім қабылданды, ал матчтарды қабылдайтын стадиондар туралы толық ақпарат АФК-ға кейінірек ұсынылады.

Инфрақұрылым талаптарға сай ма?

Футбол одағының мәлімдеуінше, Қырғызстанда салынып жатқан жаңа футбол инфрақұрылымы құрлықтық деңгейдегі ірі турнирлерді өткізуге толық сәйкес келеді. Оның ішінде "Бішкек-Арена" стадионы ерекше назар аудартады. 51 мың көрерменге арналған бұл арена Азия Кубогының финалдық матчтарына қойылатын АФК талаптарына сай келеді.

"Бішкек Аренаның" сұлбасы

Бәсекелестік және шешім мерзімі

Азия Кубогын қабылдауға басқа да елдер ниет білдірген. Қазір Кувейт, Индонезия және Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) де өз өтінімдерін тапсырды. АФК финалдық шешімді 2026 жылы жариялайды.

Қазақстандық жанкүйерлер үшін мүмкіндік

Айта кету керек, Қазақстан азаматтары Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне жеңілдетілген шарттармен сапарлай алады. Бұл өз кезегінде қазақстандық жанкүйерлер үшін Азия Кубогын тамашалауға керемет мүмкіндік болмақ.