Қазақстан футбол федерациясында тағайындаусыз қалған бір лауазым бар. Ол “Төрешілік ету және инспекциялау” департаменті.
Футболдан Қазақстан құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен өзінің телеграм арнасында тың жаңалықпен бөлісті.
"Александр Перемитин кеткен соң бұл позицияға кім келетіні футбол қоғамын қызықтырып тұр. Мендегі ақпаратқа сай айтатын болсам қазір екі кандидат арасында таңдау жүріп жатыр. Екеуін де Роберто Розетти ұсынған. Бірі - португал маманы, екіншісі - Беларус елінен. ҚФФ басшылығы жуырда өз таңдауын жасап, ресми жариялайды. Бір апта күтіңіздер", - деп жазды ол.
Бұған дейін Ермұхамед Мәулен ҚПЛ-дегі төрешілер тағайындау жүйесінде маңызды өзгеріс болатынын айтқан.
"Енді төрешілер қай матчты басқаруы керек екенін ойын өтетін күні ғана білетін болады. Оларға алдын ала билеттер сатып алынады. Осылайша төрешілер матч күні тікелей ойын өтетін аймаққа ұшады", — деді Мәулен.