Футболшы "Сантос" сапында кемінде 15 гол соғуы керек.
"Барселона" клубы "Сантос" пен Бразилия құрамасының жұлдызды шабуылшысы Неймар Жуниорға ерекше шарт қойды.
Испаниялық БАҚ-тың мәліметінше,каталондық клуб Неймарды өз қатарына қайта қосу мүмкіндігін қарастыруы үшін бразилиялық футболшы бір шартты орындауы тиіс. Атап айтқанда, Неймар осы маусымның соңына дейін "Сантос" сапында кемінде 15 гол соғуы керек. Бұл талап Неймардың жоғары деңгейде өнер көрсете алатынына көз жеткізу мақсатында қойылған.
Айта кетейік, Неймардың "Сантоспен" келісімшарты 2025 жылдың маусымына дейін жарамды.
Бұған дейін Неймардың "Барселона" президенті Жоан Лапортамен Каталонияға оралу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланған. Көптеген жанкүйерлер мен сарапшылар бұл келісімнің қалай аяқталатынын асыға күтуде.
Неймар осы жылдың қаңтар айында еркін агент ретінде өз отанына оралып, "Сантос" клубына қосылған болатын. Ол жаңа клубта 9 матч өткізіп, 3 гол соқты. 3 нәтижелі пас берді.
Transfermarkt порталының дерегіне сәйкес, Неймардың нарықтық құны 15 миллион еуро. Бұл көрсеткіш оны "Сантос" клубының ең қымбат ойыншысы етуде.