Ресей еурокубоктерге оралуы мүмкін. UEFA бұған не дейді?

Редактор Penalty.kz
27.03.2025, 11:00

The Independent дерегіне сәйкес, UEFA-ның ішінде ресейлік клубтар мен ұлттық құраманың қайта қатысуын қолдайтын ықпалды топ бар. 

news.sportbox.ru

Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (UEFA) Ресейді халықаралық жарыстарға қайта қатыстыру мүмкіндігін күн тәртібіне шығарды. Бұл туралы The Independent басылымы UEFA басшылығына жақын дереккөзге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Offside.kz.

Еуропа Ресейге есігін қайта ашуы мүмкін

Ағылшын басылымының мәліметінше, UEFA-ның ішінде ресейлік клубтар мен ұлттық құраманың қайта қатысуын қолдайтын ықпалды топ бар. Ол ресейлік командаларды еурокубоктерге, ал ұлттық құраманы – іріктеу турнирлеріне қайтаруды құптайды.

«Олардың кейбірі Ресейді тіпті ертең-ақ қайтаруға дайын. Олар қандай да бір елді жарыстардан шеттету — спорттық бейтараптық қағидаттарына қайшы әрекет санайды», – деп келтіреді дереккөз пікірін The Independent. 

Әзірге ресми шешім жоқ

Қазіргі уақытта UEFA тарапынан бұл мәселеге қатысты ресми шешім немесе мәлімдеме жасалған жоқ. Алайда мұндай сценарийдің ұйым ішінде талқылануы позицияның өзгеру мүмкіндігін көрсетеді.

Ресейдің жарыстардан шеттетілу тарихы

Еске салайық, 2022 жылы Украинадағы жағдайға байланысты Ресей клубтары мен ұлттық құрамалары UEFA және FIFA турнирлерінен шеттетілген болатын. Содан бері ресейлік командалар халықаралық ареналарда өнер көрсеткен жоқ. Бұған дейін Ресей футбол одағы өкілдері қайта оралуға үміт бар екенін бірнеше рет мәлімдеген.