"Барыс" шайбаға толы матчта "Салават Юлаевты" жеңді
Елордалық команда Құрлықтық хоккей лигасында Уфаның "Салават Юлаев" клубын 8:6 есебімен ұтты.
Бірінші кезеңде төрт шайба соғылды
"Барыс" кездесуді өте қарқынды бастады. Алғашқы кезеңде Тайс Томпсон, Чейз Приски, Мэйсон Морелли және Джастин Бэйли қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Бұл аралықта қонақтар Хантер Шепард қорғаған қақпаға бір шайба соғып, бірінші үзіліске 1:4 есебімен кетті.
Томпсон дубль авторы атанды
Екінші жиырма минуттықта уфалық команда есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. Бірақ Тайс Томпсон дубль жасады. Кейін Логан Дэй де мергендігімен көзге түсіп, астаналықтардың басымдығын қайта ұлғайтты.
Шешуші кезеңде "Барыс" сапынан Ансар Шайхмедденов пен Кирилл Ляпунов шайба соқты. "Салават Юлаев" соңына дейін қарсылық көрсеткенімен матчты құтқарып қала алмады.
Михаил Кравец жаттықтыратын "Барыс" келесі ойынын да өз мұз айдынында өткізеді. 12 қыркүйекте елордалық клуб Хабаровскінің "Амур" командасын қабылдайды.