Криштиану Роналду маңызды мәлімдеме жасады

Редактор Penalty.kz
10.04.2025, 20:08

Әлем футболының аңызы Криштиану Роналду өзінің жеке киностудиясын ашты. Жобаның серіктесі – Ұлыбританиялық танымал режиссер Мэттью Вон. Бұл туралы футболшы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

vesti.kz

Роналду мен Вон негізін қалаған UR•MARV киностудиясы қазірдің өзінде екі экшн-фильмді продюсерлік етіп қаржыландырған. Енді студия үшінші туындыны түсіруге кіріспек.

“Бұл — мен үшін бизнестегі жаңа әрі қызықты тарау. Жаңа жобаларды асыға күтіп отырмын”, – деп жазды Роналду.

UR•MARV студиясының креативтік серіктесі, әйгілі режиссер Мэттью Вон:

“Криштиану алаңда сондай оқиғаларды жасайды, мен ондай сценарийді жазуға да батпас едім. Ол — нағыз суперқаһарман. Енді біз бірге шабыт сыйлайтын фильмдер түсіреміз деп үміттенемін”, – деді.

Футболдан бизнеске бет бұрған жұлдызды ойыншының бұл бастамасы оның өнер мен кәсіпкерлік саласында жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Роналду тек алаңда емес, жоба авторы және продюсер ретінде де әлемдік аудиторияға әсер етпек.