Гандболдан Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Өзбекстан қыздар құрамасы күтпеген жерден турнирден аластатылды.
Азия гандбол федерациясы анықтағандай, Өзбекстан құрамасының үш ойыншысының құжаттарында жас ерекшелігіне байланысты сәйкессіздіктер болған. Ереже бойынша, турнирге тек 19 жастан аспаған спортшылар қатысуы тиіс.
Осыған байланысты Өзбекстан құрамасының барлық нәтижелері жойылып, команда ресми түрде чемпионаттан шығарылды.
Өзбекстан гандбол федерациясы бұл шешіммен келіспей, Халықаралық гандбол федерациясына апелляция жіберген.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы турнирді сәтті аяқтады. Соңғы ойын күні отандық спортшылар Гонконг құрамасын 45:37 есебімен жеңіп, жетінші орынға ие болды.
Ойынның үздік мергені қазақстандық Кристина Палей атанды. Ол қарсыластар қақпасына тоғыз гол соғып, жеңіске айтарлықтай үлес қосты.