UFC орта салмағының рейтингінде 2-орында тұрған Шавкат Рахмоновтың кезекті ауыр жарақаты туралы хабардан кейін промоушендегі әріптестері қолдау көрсете бастады. Бұл жолы жылы лебізін бразилиялық файтер Гилберт Бёрнс білдірді.
Бёрнс әлеуметтік желідегі X (бұрынғы Twitter) парақшасында қысқа ғана жазба қалдырды:
"Бұл өте жаман… тез жазылып кет!"
2026 жылдың 1 ақпанында "Номадтың" тізесіне қайта операция жасалғаны белгілі болды. Бұған дейінгі жарақат қайта қозып, ескі мәселесі қайталанған.
Менеджер Даниэль Рубинштейн мен журналист Ариэль Хельванидің мәліметінше, Шавкаттың толық қалпына келуіне 9–10 ай қажет. Демек, оның октагонға оралуы 2027 жылдың басына дейін созылуы мүмкін.
Шавкат ақпаратты өзі де растады. Жауабында спорттағы мақсаттың кейде үлкен құн сұрайтынын меңзеді:
"Әр арманның өз бағасы бар. Кейде ол баға — денсаулық".
Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген.
Шавкат пен Гилберт АҚШ-тағы Kill Cliff FC залында бірге жаттығады. Бір дивизионда бақ сынаса да, екеуінің арақатынасы достық деңгейде сақталып отыр. Бёрнстің қолдауы соның айғағы.