Қазақстан құрамасының өкілі София Шульженко Нью-Делиде (Үндістан) өтіп жатқан нысана көздеуден Азия чемпионатында әлемдік рекорд орнатты.
София 50 метр қашықтықта винтовкамен үш қалыптан (жатып, тізерлеп, түрегеп) ату бағдарламасында топ жарды. Финалда ол 358,2 ұпай жинап, Азия рекордын да, әлем рекордын да жаңартты.
Шульженко дәл осы дисциплинада командалық есепте де чемпион атанды. Қазақстан атынан бұл бағдарламада Арина Малиновская мен Елизавета Безрукова да өнер көрсетті.
Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев 50 метрден кіші калибрлі винтовкамен жатып ату сайысында Азия чемпионы атанды. Ал осы дисциплинада Никита Шахторин күміс медаль иеленді.
Командалық бәсекеде Сәтпаев, Шахторин және Константин Малиновский жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына тағы бір алтын салды.
Қазақстан құрамасы 25 метрден жылдам атылатын тапаншамен командалық сайыста да чемпион болды. Бұл бағдарламада Артемий Кабаков, Кирилл Цуканов және Никита Чирюкин ел намысын қорғады. Сондай-ақ Чирюкин осы дисциплинада жеке есепте күміс жүлде алды.