Реклама
Реклама

Олимпиада-2026: Оңбай құлаған қытай спортшысының жағдайы белгілі болды (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 09:52

Қазір ол бас жарақатына байланысты ем қабылдап жатыр.

t.me/arsenversen

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында қытайлық тәжірибелі сноубордшы Лю Цзяюй жарыс барысында құлап, ауыр жарақат алды. Спортшының қазіргі жағдайы туралы Қытайдың ресми ақпарат көздері мәлімдеді.

Оқиға 11 ақпанда әйелдер арасындағы іріктеу кезеңінің екінші мүмкіндігінде тіркелді. Бес мәрте Олимпиадаға қатысқан Лю Цзяюй трассада тепе-теңдігін жоғалтып, басымен мұз жамылғысына қатты соғылған.

Қытайлық спортшы біраз уақыт бойы қар үстінде қозғалыссыз жатқан. Кейін оны жарыс орнынан арнайы зембілмен алып шықты.

Дәрігерлер не дейді?

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, оқиға орнындағы алғашқы медициналық тексеріс барысында Лю Цзяюйдің есін жоғалтпағаны анықталған. Кейін ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.

Қытай құрамасының менеджері спортшымен бірге медициналық мекемеге барған. Оның айтуынша, жүргізілген тексерулер нәтижесінде омыртқа бөлігінде ешқандай зақым анықталмаған.

Қазіргі уақытта Лю Цзяюй есін толық біледі және бас жарақатына байланысты ем қабылдап жатыр.

Тәжірибелі спортшы

Лю Цзяюй — Қытай сноубордингінің ең тәжірибелі өкілдерінің бірі. Ол Олимпиада ойындарына бес рет қатысқан санаулы спортшылардың қатарында.

Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, оның жағдайы тұрақты. Алайда жарысты жалғастыру-жалғастырмау мәселесі қосымша тексерулерден кейін шешіледі.

Реклама
Реклама