Ел құрамынан алғаш болып Александра Скороходова өнер көрсетеді. Жарыс Қазақстан уақытымен сағат 15:30-да басталады.
Бүгін төрткүл дүние көз тіккен, төрт жылда бір өтетін ақ Олимпиада ойындарының 6-күні. 7 жерлесіміз жарыс жолына шығады. Ел құрамынан алғаш болып Александра Скороходова өнер көрсетеді. Ол тау шаңғысының супергигант түрінен жүлдеген таласып көреді. Жарыс Қазақстан уақытымен сағат 15:30-да басталады.
16:15-те ерлер арасындағы фристайл-могул финалдық кезеңі өтеді. Қазақстандық Павел Колмаков жүлде үшін күресті жалғастырады. Шешуші кезеңге жолдама алу үшін отандасымыз үздік сегіз спортшының қатарына енуі тиіс. Финал-2 16:55-те басталады.
17:00-де әйелдер арасында жеке старт форматындағы шаңғы жарысы өтеді. Қазақстан атынан Надежда Степашкина, Анна Мельник, Дарья Ряжко және Ксения Шалыгина жарысқа қатысады.
Кешкі 20:30-да әйелдер арасында 5000 метр қашықтыққа конькимен жүгіру жарысы басталады. Бұл сында Надежда Морозова бақ сынайды.
Олимпиада-2026 жарыстарының тікелей трансляциясын "Qazsport", "Qazaqstan", "Хабар" және "Jibek Joly" телеарналары ұйымдастырады.
Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын 36 спортшы қорғап жатыр. Әзірге ұлттық құрама қоржынында медаль жоқ. Олимпиада 22 ақпанға дейін жалғасады.