Милан және Кортина-д’Ампеццодағы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының барлық спортшысы жарыс жолына шықты.
Ұлттық құрамада соңғы болып бақ сынаған шаңғышылар Надежда Степашкина мен Анна Мельник болды. Олар 50 шақырымдық масс-старт бәсекесінде өнер көрсетті.
Нәтижесінде Степашкина мәре сызығын 32-орынмен кесті, ал Мельник көшбасшыдан бір айналымға артық қалып қойғандықтан жарысты аяқтай алмады.
Осылайша Қазақстан Олимпиада-2026 ойындарын 1 алтын медальмен түйіндеді. Жалғыз алтынды сенсациялық түрде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңіп алды.
Айта кетейік, бұл Олимпиадада Қазақстан атынан 36 спортшы бақ сынады. Олар 10 спорт түрі бойынша жарыстарға қатысты.
XXV қысқы Олимпиада ойындарының жабылу рәсімі Астана уақытымен 22-23 ақпанға қараған түні Италияның Верона қаласында өтеді.