Қазақстандық шпагашы Астанадағы Әлем кубогында күміс жүлдеге қол созды
Руслан Құрбанов семсерлесуден Астанадағы Әлем кубогы кезеңін екінші орынмен аяқтады.
Украиналыққа жол берді
Шешуші кездесуде қазақстандық спортшы Украина құрамасының өкілі Роман Свичкармен күш сынасты. Тартысты өткен финалдық бәсеке 15:12 есебімен қарсыластың пайдасына аяқталды.
Осылайша Руслан Құрбанов Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.
Олимпиада чемпиондарын жолынан тайдырды
Айта кетерлігі, қазақстандық шпагашы турнир барысында бірден бірнеше атақты қарсыласын жеңіп, жанкүйерлерді таңғалдырды.
Алдымен ширек финалда Жапонияның екі дүркін Олимпиада чемпионы Кано Кокиден 9:8 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда 2024 жылғы Олимпиада ойындарының командалық чемпионы, венгриялық Давид Надиді 15:13 есебімен тізе бүктірді.
Руслан Құрбанов соңғы жылдары әлемдік аренада тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Бұған дейін ол Германияның Хайденхайм қаласындағы Әлем кубогы кезеңінде жеңімпаз атанған.