Асаубаева қатарынан алтыншы партияда жеңіске жете алмады
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева Бангалор қаласындағы Tech Mahindra Global Chess League-2026 командалық турнирінде әзірге жеңіссіз келеді.
Асаубаеваның еншісінде төрт тең нәтиже бар
FYERS American Gambits командасының намысын қорғап жүрген қазақстандық шахматшы алты тур қорытындысы бойынша төрт рет тең ойнап, екі кездесуде жеңіліс тапты.
Асаубаева жарысты PBG Alaskan Knights сапындағы ресейлік Екатерина Лагноға және Triveni Continental Kings өкілі қытайлық Чжу Цзиньэрге қарсы тең нәтижелермен бастады.
Одан кейін Ganges Grandmasters командасының ойыншысы Полина Шуваловаға жол беріп, Alpine APL Pipers атынан сынға түскен үндістандық Дивья Дешмукхпен ұпай бөлісті.
Лагномен екінші кездесуде жеңіліп қалды
8 қыркүйекте Бибісара Асаубаева алдымен CheQ Mumba Masters құрамындағы тәжірибелі үнді шахматшысы Харика Дронаваллимен тең ойнады. Кешкі турда Екатерина Лагномен қайта кездесіп, бұл жолы жеңіліске ұшырады.
Осылайша блицтен үш дүркін әлем чемпионы алты партиядан төрт ұпай жинады. Алайда қазақстандық шахматшының турнирдегі жеке жеңісі әлі жоқ.
FYERS American Gambits жүлделі орындарға таласып жатыр
Асаубаеваның командасы жалпы турнир кестесінде жоғары орындар үшін күресін жалғастыруда. FYERS American Gambits нәтижесіне ерлер тақтасындағы көшбасшы, өзбекстандық Жавохир Синдаров елеулі үлес қосып келеді.
Tech Mahindra Global Chess League-2026 жарысының жалпы жүлде қоры 1 миллион долларға тең. Беделді командалық турнир 13 қыркүйекте аяқталады.