Реклама
Реклама

"Өмірдің әр сәтін бағалаңыздар". Дубайдан ұшқан Бублик басынан өткенін бөлісті

Сарапшы, спорт журналисі
02.03.2026, 08:06

Қазақстандық теннисші АҚШ пен Израиль күштері Иран аумағына соққы жасаған сәтте Таяу Шығыс әуе кеңістігінде болған.

ru.sputnik.kz

Қазақстандық теннисші Александр Бублик 28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштері Иран аумағына соққы жасаған сәтте Таяу Шығыс әуе кеңістігінде болған. Спортшы Дубайдан Лос-Анджелеске бағыт алған ұшақта отырған.

"Жаңалықтарды ашып қалсам…"

Аймақта кескілескен ұрыс жүріп жатқанын Александр Бублик Иран әуе кеңістігінен шыққан соң ғана білген. Бұл туралы ол Телеграм желісінде жазды.

"Дубайдан ұшып шықтық. Аман-есен жетсек екен деп ойладым. Иран әуе кеңістігінен шыққан соң жаңалықтарды ашып қалсам, мынадай сұмдық болып жатыр екен", – деп бөлісті теннисші.

Спортшы осы аптада Дубайда өткен ATP-500 санатындағы турнирге қатысып, жеке және жұптық сайыста ширек финалға дейін жетті. Жарысты сәрсенбі күні аяқтаған ол сенбі таңертең бір-ақ АҚШ-қа жол тартқан.

"Өмірдің әрбір сәтін бағалап, жақын адамдарыңмен мүмкіндігінше көбірек болуға тырысыңдар", – деп жазды ол.

Теннисші өзіне хабарласқан жанкүйерлерге алғыс айтып, алдағы уақытта Лас-Вегаста өтетін турнирге қатысатынын мәлімдеді.

Кей спортшы ұшып кете алмады

Дубай турнирінің жеңімпазы Даниил Медведев пен өзге де теннисшілер Таяу Шығыстан ұшып шыға алмай қалды. Енді олар 4 наурызда АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында басталатын Masters турниріне үлгермеуі мүмкін.

Айта кетейік, сенбі күні таңертең АҚШ пен Израиль күштері Тегеран мен өзге де қалалардағы нысандарға соққы жасады. Бұған жауап ретінде Иран билігі әуе кеңістігін жауып, Таяу Шығыстағы бірқатар елге зымыран мен дрондар жіберді.

БАӘ аумағындағы халықаралық әуежайлардың бірі дрон шабуылына ұшырап, бірнеше адам жараланғаны хабарланды. Кейбір қонақ үйлерде өрт шыққан.

Реклама
Реклама