Реклама
Реклама

"Ішімнен екі рет тепті" — Данияр Елеусіновтың жұбайы көршілерінің шағымына ілікті

Сарапшы, спорт журналисі
05.03.2026, 17:08

Қарағандының екі тұрғыны Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтың жұбайына қатысты шағым түсіріп, өзін ұрып-соқты деп айыптады.

sn.kz

Оқиға қайда және қалай болған?

КТК арнасына сүйенсек, жанжал Қарағандының шеткі бөлігіндегі көпқабатты үйдің ауласында өршіген. Жәбірленушілердің айтуынша, Елеусіновтың жұбайы оларға негізсіз кінә тағып, балағат сөздер айтып, шаштан тартып, күш қолданған.

Жәбірленуші Әсел Жабықбаева болған жағдайды былай түсіндірген:

"Оның бізге қандай да бір түсініксіз өкпесі болды, “атамды ренжіттіңдер” дегендей. Бірден ішімнен екі рет тепті, кейін шашымнан жұлып алды. Сол сәтте оның атасы жүгіріп келіп, анамның басынан ұрды. Біз арыз жазуға барғанда дәлізде жүрді де, кірген кезде: “Көрдіңіздер ме, оның күйеуі – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов” деді», – деді ол.

"Денедегі жарақатты тіркеттік" дейді

Материалда екі әйелдің де соққы іздерін медициналық тексерістен өткізіп, тіркеткені айтылады. Олардың сөзінше, төбелесті бастаған – спортшының жұбайы. Себебі ол көршілерін "атасымен боқауыз сөзбен сөйлесті" деп күдіктенген.

Айта кетейік, тараптар бір үйде көп жылдан бері көрші тұрады.

Жәбірленушілердің уәжі: "Қариямен араласқан жоқпыз" 

Анасы мен қызы зейнеткер көршімен іс жүзінде қатынаспағанын, тіпті ұрысып-керісу де болмағанын алға тартады. Қазір олар қауіптеніп, үйден шығуға жүрексінетінін жеткізген.

Боксшының жұбайы жанжалға қатысты көпшілікке ашық пікір білдіруден бас тартқан. Дегенмен ол да қарсы тарапқа арыз жазғанын және сот шешімін күтетінін айтқан. Телефон арқылы сөйлескен кезде оқиғаны "тұрмыстық дау" деп атап, көршілерін арандатушы санаған.

"Бұл – кәдімгі тұрмыстық жағдай. Екеуміз де 1989 жылғы құрдаспыз. Меніңше олар Даниярдың аты-жөнін пайдаланып, шу жасағысы келеді. Мен төбелесемін деп барғаным жоқ. Әңгіме эмоциямен басталып кетті, сөзден сөз шығып кетті. Атам 80 жаста, үлкен кісіні боқтауға тәрбием жібермейді", – деді ол.

Данияр Елеусінов туралы қысқаша

Данияр Елеусінов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған. Кейін кәсіпқой боксқа ауысқан.

Реклама
Реклама