Алматыда әлемдік теннис жұлдыздары — Даниил Медведев, Карен Хачанов, Александр Шевченко және Бейбіт Жұқаев жаңа «Алатау» теннис орталығының ашылуына қатысты. Бұл — оңтүстік астанадағы ең ірі және заманауи спорт нысандарының бірі.
Федерацияның хабарлауынша, жаңа кешен кәсіби және әуесқой теннисшілерге арналған. Мұнда кез келген жастағы спортшылар жаттыға алады, сондай-ақ ұлттық және халықаралық турнирлер өткізуге толық мүмкіндік бар.
Оқыту процесіне білікті жаттықтырушылар тартылған, ал инфрақұрылым — жаңа буын жабдықтарымен қамтылған.
«Бұл орталық Алматының қарқынды дамып келе жатқан ауданындағы маңызды спорт нысанына айналды. Ол жас спортшыларды тәрбиелеумен қатар, ірі жарыстарды өткізу алаңы болмақ. Мұндай жобалар Алматының халықаралық спорт картасындағы беделін арттырады», — деді қала әкімі Дархан Сатыбалды ашылу салтанатында.
Ашылу рәсімі тек ресми форматта ғана өткен жоқ. Танымал теннисшілер Флавио Коболли және қазақстандық Бейбіт Жұқаев балалармен бірге шеберлік сабағын өткізіп, орталық аумағына ағаш екті.
15-ракетка иесі Даниил Медведев балалармен доп алмасып, «Қазақстандағы теннис жыл сайын өсіп келеді. Мұндай орталықтар — үлкен серпін береді» – деді.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов өз сөзінде елімізде теннисті дамытудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.
«Инфрақұрылымға салынған инвестициялар — теннисті халыққа жақын етудің ең тиімді жолы. „Алатау“ орталығы — осының айғағы. Қазір Қазақстанда 30 мыңнан астам бала тұрақты түрде тенниспен айналысады. Бұл көрсеткішті арттыру — біздің стратегиялық мақсатымыз», — деді ол.
Федерация мәліметінше, 2007 жылдан бері елімізде 38 теннис орталығы салынып, 291 корт пайдалануға берілген. Жаңа «Алатау» орталығы — олардың 39-шысы.
Орталық Алматының халқы тығыз шоғырланған Алатау ауданында орналасқан және халықаралық стандарттарға толық сай келеді.