Қазақстанның үздік теннисшісі әлемнің жетінші ракеткасымен жолдастық көрме матчын өткізген болатын.
Қазақстанның ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 5-орын) Австралия ашық чемпионаты–2026 турнирінің ашылу аптасында Мельбурнде (Австралия) көрме матч өткізді.
Қазақстандық теннисшінің жаттығу ойынындағы қарсыласы Италия өкілі Жасмин Паолини (7-орын) болды. Екі сеттен тұрған кездесу Рыбакинаның айқын басымдығымен аяқталды — 6:4, 6:2. Айта кетерлігі, бірінші сетте Елена 1:4 есебімен ұтылып жатқанымен, камбэк жасап, партияны өз пайдасына шешті.
Австралия ашық чемпионатының негізгі турнирі 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Қазіргі чемпион – америкалық Мэдисон Киз (9-орын).
Еске сала кетейік, жуырда Елена Рыбакина Брисбенде өткен WTA 500 санатындағы турнирге қатысып, ширек финалға дейін жетті. Ол кезеңде чехиялық теннисші Каролина Муховадан (19-орын) жеңіліп қалған болатын.