Рыбакина АҚШ-та сенсацияға жол бермеді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Нью-Йоркте US Open-2026 турниріндегі алғашқы кездесуін сәтті өткізді.
17 жастағы қарсыласына мүмкіндік бермеді
Елена Рыбакина бірінші айналымда әлемдік рейтингтің 580-сатысында тұрған17 жастағы Теа Фродинмен кортқа шықты. Америкалық теннисші турнирдің негізгі кезеңіне ұйымдастырушылар берген арнайы шақырту — wild card арқылы қатысқан.
Қазақстандық теннисші кездесудің басынан ойын тізгінін өз қолына алып, екі партияда да басымдығын көрсетті. Матч 6:3, 6:2 есебімен аяқталды.
Айта кетейік, Елена Рыбакина мен Теа Фродин бұған дейін ресми жарыстарда бір-бірімен кездеспеген.
Елена жарыстың екінші кезеңіне шыққаны үшін 190 мың доллар табыс тапты. Сонымен қатар 70 рейтингтік ұпайға иелік етті.
Келесі қарсыласы кім болады?
Елена Рыбакинаның US Open-2026 турнирінің екінші айналымындағы қарсыласы чехиялық Дарья Видманова мен испаниялық Джессика Бузас Манейро арасындағы матчтан кейін анықталады.
Биыл US Open турнирінің жүлде қоры 37 миллион 840 мың долларға тең. Жекелей сында чемпион атанған теннисші 5,5 миллион доллар және 2000 рейтингтік ұпай алады. Турнирдің басты фавориті ретінде әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь теннисшісі Арина Соболенко саналады. Ол жарыста бірінші нөмірмен тіркелген.