Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2025 жылғы маусымды сенімді түрде бастап, жүлде қоры көлемін ұлғайтып келеді.
Бар-жоғы екі ай ішінде Рыбакина $1 010 313 (шамамен 501 миллион теңге) табыс тапты. Бұл нәтиже оны маусымдағы ең көп жүлде алған үздік 6 теннисшінің қатарына қосты. Бұл туралы offside.kz жазады.
Осы уақытқа дейін қазақстандық спортшы 19 матч өткізіп, 14 жеңіске жетіп, 5 рет қарсыластарына жол берді. Бірақ көптеген қарсыластарынан айырмашылығы, ол 2025 жылы әлі бірде-бір турнирде чемпион атанған жоқ. Әсіресе, Әбу-Даби турниріндегі нәтиже Рыбакина үшін көңілсіз болды – ол осы жарыстың былтырғы чемпионы ретінде өнер көрсеткенімен, жартылай финалда ресейлік Мирра Андреевадан жеңіліп қалды.
Соған қарамастан, Рыбакина әлемдік теннистің элитасында өз позициясын сақтап, 2025 жылы ең көп жүлде жеңіп алған теннисшілер рейтингінде алтыншы орында тұр. Қазір бұл тізімнің көшін $2 379 924 табыс тапқан америкалық Мэдисон Киз бастап тұр. Үздік үштікке сондай-ақ польшалық Ига Швентек ($1 560 061) және беларусьтік Арина Соболенко ($1 456 805) енген.
Елена Рыбакинаның кәсіби мансап жолындағы жалпы табысы бүгінде $16 745 303-ға жетті.