Қазақстанның бірінші ракеткасы, WTA рейтингінде 7-орында тұрған Елена Рыбакина күтпеген жерден BNP Paribas Open турнирінің 1/8 финалында жеңіліске ұшырады. Бұл беделді дода АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатыр.
Кездесуде 17 жастағы ресейлік теннисші Мирра Андреева (WTA рейтингінде 11-орын) Рыбакинаға қарсы тұрды. Матч қазақстандық спортшы үшін сәтсіз өтті.
Бірінші сет Андрееваның 6:1 есебімен айқын басымдығымен аяқталды.
Екінші сетте де ресейлік теннисші ойын тізгінін уысынан шығармай, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс 1 сағат 7 минутқа созылды.
Бұл жеңістің арқасында Мирра Андреева турнирдің ширек финалына жолдама алды. Ол WTA рейтингінде 23-орында тұрған украиналық Элина Свитолинамен кортқа шығады.
Айта кетейік, бұл – Рыбакинаның соңғы екі апта ішіндегі Андреевамен екінші кездесуі. Бұған дейін, Дубайдағы (БАӘ) турнирдің жартылай финалында да қазақстандық теннисші ресейлік спортшыға үш сетте ұтылған еді.