Баходир Джалоловтың арманы орындалмайтын болды

Редактор Penalty.kz
30.04.2025, 14:18

Украиналық чемпион Александр Усик өзінің бокстағы мансабын екі жекпе-жектен кейін аяқтайтынын ресми түрде мәлімдеді. Алғашқысы — 19 шілде күні Лондонда өтетін Дэниел Дюбуаға қарсы кездесу. Ал екінші қарсылас ретінде екі нұсқа қарастырылып отыр: Энтони Джошуа немесе Тайсон Фьюри.

sportnews.24tv.ua

Бұл шешім Баходир Джалолов үшін ауыр соққы болды. Өзбекстандық боксшы Усикпен шаршы алаңда жолығуға бірнеше рет ниет білдірген еді. Алайда Усиктің жоспарында Джалоловқа орын табылмаған.

2023 жылдан кейін кәсіби аренадан көрінбей кеткен Баходир Джлолов 5 сәуір күні Астанада рингке қайта оралды. Қарсыласы — украиналық Игорь Шевадзуцкий болды. 

Көпшілік Джалоловтың бұл кездесуді нокаутпен аяқтайтынына сенімді болған. Бірақ жекпе-жек толық 12 раундқа созылып, төрешілердің бірауызды шешімімен өзбекстандық боксшының жеңісімен аяқталды. Бұл — Джалоловтың кәсіби мансабында бірінші рет қарсыласымен толық дистанцияны жүріп өткен сәті.

Баходир Джалоловтың Усикпен жекпе-жек өткізу арманы қазіргі жағдайға қарап, орындалмайтын мақсатқа айналғандай. Усиктің карьерасына соңғы нүкте қою жоспары, сондай-ақ Джошуа мен Фьюри сынды мега-жобаларға басымдық беруі бұл кездесудің болашағына үміт қалдырмай отыр.