Елдос Сметов елге оралып, жанкүйерлерге үндеу жасады

Редактор Penalty.kz
08.05.2025, 12:55

Олимпиада чемпионы Grand Slam турниріне қолдау көрсетуге шақырды. 

ulyssport.kz

9–11 мамыр аралығында елордада өтетін беделді Grand Slam жарысына орай Сметов өз отандастарын белсенді түрде қолдауға үндеді.

"Құрметті қазақ халқы, баршаңызға сәлем! Мен елордаға келдім және сіздерді ертең басталатын турнирде біздің спортшыларға жанкүйер болуға шақырамын. Жаңа чемпиондар шығып, әнұранымыз шырқалады деп сенемін. Мен арнайы түрде өзіміздің балуандарды қолдау үшін келдім", — деп жазды Елдос Сметов өз парақшасында.

Айта кетейік, Сметов бұл жолы татамиге шықпайды. Қазақстан құрамасының бапкерлері оның жаз мезгілінің ортасына дейін дайындыққа оралмайтынын мәлімдеген. Бірақ Елдос Grand Slam турнирінде арнайы қонақ ретінде қатысып, жас спортшыларға моральдық қолдау көрсетпек.

Астана төрінде өтетін бұл халықаралық турнир — Қазақстан спортындағы маңызды оқиғалардың бірі. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін дзюдошылар ел намысын қорғайтын отандастарымызбен белдесіп, рейтингтік ұпайлар мен абырой үшін күреседі. Елдос Сметовтің жанкүйерлерді қолдауға шақыруы – жас спортшылар үшін үлкен мотивация.