26 шілде күні Абу-Дабиде өтетін UFC on ABC 9 турнирінде қазақстандық файтер Асу Алмабаев перулік Хосе Очоамен жекпе-жекке шығады.
Алғашында Асу Алмабаевтың қарсыласы өзбекстандық Рамазан Темиров болуы керек еді. Бұл кездесу Қазақстан мен Өзбекстан өкілдерінің UFC-дегі алғашқы тартысы болар еді. Алайда Темиров белгісіз себептермен жекпе-жектен бас тартқан.
Осы жағдайға байланысты UFC жағы шұғыл түрде жаңа қарсылас тауып, Асуға Хосе Очоа (Перу) қарсылас ретінде бекітілді. Очоа кәсіби мансабында 7 жеңіс, 1 жеңіліс тіркеген. UFC-дегі рекорды — 1 жеңіс және 1 жеңіліс.
“Темиров түсіп қалды, орнына Хосе Очоа шықты. Біздің Асу 26 шілдеде Абу-Дабиде жекпе-жекке шығады”, — делінген Алмабаевтың командасының Instagram парақшасында.
Асу Алмабаев — UFC ұйымында өнер көрсетіп жүрген санаулы қазақстандық спортшылардың бірі. Ол промоушенде бұрынғы жекпе-жектерінде техникалық шеберлігімен және төзімділігімен көзге түскен.
UFC on ABC 9 турниріндегі жекпе-жек — оның ұйымдағы кезекті қадамы болмақ. Очоа секілді қауіпті қарсыласпен айқас — Алмабаев үшін маңызды сынақ.