Қазақстан құрамасының көшбасшысы, жас боксшы Санжар Тәшкенбай Лос-Анджелеске барып, әйгілі "Даңқ аллеясында" түскен суреттерін жариялады.
Санжар Instagram парақшасында аңызға айналған америкалық боксшы Мұхаммед Әлидің жұлдызы алдында түскен суретін жүктеген. Тағы бір кадрда Тәшкенбайдың есімі жазылған уақытша жұлдыз көрінеді. Бұл – туристер арасында кең таралған ерекше фотоқызмет, оны аллеяны тамашалауға келгендер жиі пайдаланады.
"АҚШ-тың ең танымал көшелерінің бірінде өз атың жазылған жұлдызды көру – рух пен мотивация береді", — деп жазды боксшы.
Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай Астанада өткен бокстан әлем кубогында 50 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Ол ел спортын халықаралық деңгейде танытып жүрген жас чемпиондардың бірі саналады.