Бокс әлемінің даңқты жұлдызы Мэнни Пакьяо WBA ұйымының Джейк Полды ресми рейтингке қосу шешімін қолдап, америкалық блогердің кәсіпқой боксқа шынайы ықыласпен келгенін атап өтті.
Бокс әлемінің тірі аңызы саналатын Мэнни Пакьяо WBA ұйымының блогер-боксшы Джейк Полды ресми рейтингке қосу шешіміне қатысты пікірін білдірді.
АҚШ-тың танымал блогері әрі кәсіпқой бокстағы мансабын соңғы жылдары белсенді дамытып жүрген Джейк Пол жақында ғана бұрынғы әлем чемпионы Хулио Сезар Чавес-кішімен жұдырықтасып, айқын жеңіске жеткен болатын. Осы жекпе-жектен кейін WBA ұйымы оны бірінші ауыр салмақтағы (крузервейт) үздік 15 боксшының қатарына қосты. Бұл жаңалық бокс әлемінде үлкен резонанс тудырды.
WBA-ның шешіміне қатысты бұрынғы сегіз салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы, филиппиндік Мэнни Пакьяо былай деді:
«Мен Джейк Полдың бокстағы жолына деген құштарлығын құрметтеймін. Оның таланты бар, әрі рингте жұдырықтасуды біледі. Сондықтан оны рейтингке қосқаннан ешқандай қателік көріп тұрған жоқпын», — деп пікір білдірді Пакьяо.
Жыл өткен сайын әлеуметтік желі жұлдыздарының кәсіпқой спортқа бет бұруы жиілеп келеді. Алайда Джейк Полдың ресми рейтингтерге енуі — бұл құбылыстың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Спорттық ортада бұл шешімге қатысты пікірлер екіге жарылды: бірі — бұл бокс беделін түсіреді десе, енді бірі — заманауи спорттың ашықтығын көрсететін үрдіс деп бағалауда.