Ливерпульде World Boxing ұйымының аясында өткен әлем чемпионаты көрермендерге шынайы драма сыйлады.
70 келі салмақ дәрежесіндегі финалда 19 жастағы Төрехан Сабырхан жапониялық Севонрец Оказавамен күш сынасты.
Алғашқы раундта Сабырхан 1:4 есебімен ұпай бойынша қалып қойды. Алайда екінші кезеңде белсенділігін арттырып, қарсыласын қыспаққа алып, 3:2 есебімен басым түсті. Шешуші раундта жапон боксшысы қорғанысқа көшті, ал Төрехан дәл соққыларымен басымдықты өзіне алды.
Қорытындысында төрешілердің бөлек шешімімен Төрехан Сабырхан жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Бұл – оның мансабындағы ең ірі жетістіктердің бірі.
Айта кетейік, 2024 жылы Төрехан Сабырхан жастар арасында да әлем чемпионы атанған. Бар-жоғы 19 жасында ол ересектер арасындағы додада да биік тұғырға көтеріліп, қазақстандық бокс мектебінің мықтылығын тағы дәлелдеді.