Семейде бокстан Қазақстан чемпионатының финалдық жекпе-жектерінде күтпеген нәтиже тіркелді. 65 келі салмақ дәрежесінде ел чемпионы атағын қорғаған Алматы облысының өкілі Ертуған Зейнуллинов өз белбеуін сақтап қала алмады.
Финалда Зейнуллинов Маңғыстау облысының боксшысы Санатәлі Төлтаевпен кездесіп, тартысты айқаста 4:1 есебімен жеңіліске ұшырады. Осылайша Төлтаев Қазақстанның жаңа чемпионы атанды.
Ертуған Зейнуллинов — былтырғы ел чемпионы. Ол бұған дейін кәсіби мансабымен қатар курьер болып жұмыс істегенін сұхбаттарында ашық айтқан еді. Қарапайым еңбегімен табыс тауып жүріп, рингтегі табандылығымен көпшілікке үлгі болған спортшы бұл жолы финалда жеңісінен айырылды.
Ал Санатәлі Төлтаев — тәжірибелі боксшы, кәсіби деңгейде де өнер көрсеткен. Оның профи-рекорды — 4 жеңіс, 1 жеңіліс (2 нокаут). Биыл ол WBC және Турки әл-Аш-Шейх Гран-при турниріне қатысып, ширек финалға дейін жеткен.