Танымал америкалық боксшы, pound-for-pound рейтингінің көшбасшысы Теренс Кроуфорд (42-0, 31 KO) мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады.
38 жастағы Омаха қаласының тумасы бұл туралы өзінің YouTube-арнасында мәлімдеді.
"Әрбір боксшы бір күні бұл сәттің келетінін біледі. Бірақ оның қашан боларын ешқашан нақты білмейсің".
Теренстің айтуынша, ол ешқашан белбеу немесе ақша үшін жұдырықтаспаған:
"Мен бүкіл өмірімде бір нәрсенің соңынан қудым. Белбеудің, ақшаның немесе атақтың емес. Ал бүкіл әлем сенен күмәнданған сәтте де қайта-қайта рингке шығып, бәрінің қателескенін дәлелдей беретін сол сезімнің артынан. Бұл спорт маған бәрін берді. Мен отбасым үшін жұдырықтастым. Қалама арнап айқастым. Бір кездері қолында арман мен бір жұп қолғаптан басқа ештеңесі жоқ болған сол бала үшін төбелестім. Мен бәрін өз жолыммен жасадым. Бұл спортқа бар тынысымды арнадым.
Мен жарыстан кетемін. Себебі күресуден шаршағаным жоқ, керісінше басқа бір маңызды шайқаста жеңіске жеттім — өз шарттарыммен кету шайқасында. Бұл қоштасу емес, бұл бір жекпе-жектің аяқталып, екіншісінің басталуы ғана", — деді Теренс.
Ол спортта өзіне «дәлелдейтін ештеңе қалмағанын» да атап өтті.
Еске салайық, Теренс Кроуфорд соңғы жекпе-жегін қыркүйек айында өткізді. Ол кездесуде мексикалық Сауль «Канело» Альваресті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, екінші орта салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанды. Жалпы, Кроуфорд мансабы барысында үш салмақ дәрежесінде абсолютті чемпион атанған.