Қазақстандық ММА жекпе-жек шебері Қуат Хамитов (27-8-2) Мәскеуде өтетін ACBJJ20 турнирі алдында ресейлік Рашид Магомедовпен (26-6-1) көз арбасу рәсімін өткізді. Қос спортшы бұл жолы бразилиялық джиу-джитсу ережесі бойынша белдесуге дайындалып жатыр.
Хамитов соңғы рет ММА октагонына биыл қазан айында шыққан. Ол жекпе-жекте ресейлік файтер Анатолий Бойконы (12-5) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген.
Рашид Магомедов те соңғы кездесуін қазан айында өткізіп, бразилиялық ММА өкілі Жан Сикейрадан (20-6) бірауыздан шешіммен басым түсті.
Мәскеудегі ACBJJ20 турнирінің басты оқиғасы ретінде UFC жеңіл салмақ рейтингіндегі көшбасшылардың бірі Арман Царукян мен шешенстандық түбі бар файтер Мяхди Байдулаев (18-2) арасындағы айқас аталып отыр.