Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиадаға қатысуды мақсат етіп отыр.
Tengri Sport-қа берген сұхбатында Қызайбай жақын жоспарындағы алғашқы ірі дайындық Азия ойындарына бағытталатынын жеткізді. Оның сөзінше, қазір ұлттық құрама оқу-жаттығу жиындарының соңғы кезеңінен өтіп жатыр, ал келер жылы жаңа цикл басталады.
Боксшы 2028 жылғы Олимпия ойындарына ерекше үмітпен қарайтынын жасырмады. Ол АҚШ-тағы додада бұдан да жоғары нәтиже көрсетіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілгісі келетінін атап өтті.
«Жыл аяқталып келеді. Қазір бізде оқу-жаттығу жиындарының соңғы кезеңі. 2026 жылы жаңа жиындар, жаңа дайындықтар басталады. Қазір ең негізгі жарыс – Азия ойындары. Құрам әлі белгісіз, іріктеу болады деп ойлаймын. 2026 жылы басты мақсат – Азия ойындарында мүмкіндігінше көп медаль алу. Уақыт өте тез өтеді.
Парижден кейін АҚШ-та өтетін Олимпиадаға барып, одан да жақсы өнер көрсетіп, бірінші орынға көтерілгім келеді. Алтын медальді алғым келеді. Олимпиада алтыны – менің арманым. Әдеттегідей еңбек етемін, дайындаламын. Менің жоспарым да, мақсатым да бар. Жақсы дайындалып, алдыңа нақты мақсат қойсаң, бәрі өз уақытымен келеді», – деді Назым Қызайбай
Еске салайық, Париж-2024 Олимпиадасында Назым Қызайбай жартылай финалға дейін жетіп, Қытайдың боксшысы, Азия ойындарының чемпионы Ю У-ға жол берді. Дегенмен бұл нәтиже қазақстандық спортшыға мансабында алғаш рет Олимпиада жүлдесін алып келді.